Қазақстан Республикасының Президенттігіне 3 кандидат ұсынылды - ҚР ОСК
«Осы уақытқа дейін ҚР Президенттігіне 3 кандидат ұсынылды», - делінген бүгін Орталық сайлау комиссиясы баспасөз баянында. 5 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі Сәлім Сағындықұлы Өтен ұсынды. Ал, 6 ақпанда Уәлихан Қайсаров Президенттіктен үміткер болуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ 7 ақпанда өзін-өзі ұсыну жолымен өз кандидатурасын Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуанбеков ұсынды.
Осы уақытқа дейін Президенттікке кандидат ретінде тіркелген 3 азаматтың екеуі Президент сайлауына бұрын да қатысқан.
Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтер бойынша Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ азаматтар кандидат ретінде өздерін-өздері ұсынуға құқылы. Президенттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер атынан олардың жоғарғы органдары ұсынады. Заң қоғамдық бірлестіктерді кандидаттыққа тек өз мүшесін ғана ұсынуды міндеттемейді. Президенттікке кандидаттыққа өзін-өзі ұсыну Орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш беру арқылы жүргізіледі және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының, 2-тармағына сәйкес кандидаттардың құжаттары тапсырылған күннен бастап 5 күннің ішінде тексеріліп бітуі тиіс.
"Президенттікке кандидаттың соңғы 5 жылда Қазақстанда тұрғандығын Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мәліметтері негізінде Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі Конституциялық кеңестің Конституцияның 41-бабының, 2-тармағы бойынша туралы актісіне сәйкес ОСК қаулысымен анықталады. Осы акті бойынша «Мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген норманы қазақ тілінде сауатты оқи, жаза, өз ойын еш қиналмай еркін білдіре алатын және көпшілік алдында сөйлей білетін азамат деп түсінген жөн", - деп айқындайды.