Қазақстан сарапшылары Президенттің Мәжілісте сайлау өткізу туралы шешімін қолдап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы сарапшылардың 98,4 пайызы Мемлекет басшысының Мәжілісте мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімін қолдайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жобалар бойынша директоры Юлия Кучинская осылай мәлім етті.

Қазақстан сарапшылары Президенттің Мәжілісте сайлау өткізу туралы шешімін қолдап отыр

«Сарапшылардың 97,9 пайызы сайлау өкілдік органдардың құрамын сапалы жаңартуға мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде елдің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырумен байланысты жобаларды үдемелі іске асыруға жол ашатынын алға тартуда. Сонымен қатар сарапшылардың 93,1 пайызы кезектен тыс парламенттік сайлауды өткізу туралы бастама қаржылық және ұйымдастыру шығыстарын оңтайландыра отырып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын қиыстыруға мүмкіндік беретінін атап өтуде», - деді Ю.Кучинская.

Оның сөзіне қарағанда, сарапшылардың 98,4 пайызы Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешімін қолдап отыр. Мұнымен қоса, олардың 96,8 пайызы сайлауды 2016 жылдың наурызында өткізу уақытылы қадам екенін пайымдауда.

Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, бизнесмендер, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері бар.