Қазақстан Сауд Арабиясынан қылмыскерлерді алдырту жолдарын жеңілдетті
Заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы келісім 2016 жылғы 25 қазанда Эр-Риядта жасалғанын еске салып өтті.
Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптар өздерінің аумағындағы ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін екінші тараптың аумағында күдік келтірілетін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мен сот үкімін орындау мақсаттарында ұстап беруге міндеттенеді.
Атап айтқанда келісімде қылмыстық қудалау тұрғысында ұстап беру немесе одан бас тартудың негіздемелері қарастырылған.
Осы ретте егер де адам әскери немесе саяси сипаттағы қылмыстар үшін сұрау жасалса, қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кеткен жағдайда, егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке залал келтірген кезде, қоғамдық тәртіп пен басқа да мүдделерге кері әсер етсе немесе Конституцияға қайшы болса ұстап беру шаралары жүзеге асырылмайды.
«Қазіргі кезде Қазақстанның сот төрелігінен Сауд Арабиясы аумағында жасырынып жүрген адамдар жоқ, сондай-ақ аталған елдің Қазақстан аумағында да іздестіріп жатқан адамдар анықталмады. Келісім алдын алу сипатына ие екенін ескере отырып, бұл құжат болашақта екі елдің қылмыстылықпен күрес саласындағы тиімді ынтымақтастығына жақсы құқықтық негіз жасайды», - деді Лукин.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан алыс шетелдік елдермен екіжақты 18 келісімді бекітті. ТМД аясында көпжақты конвенция күшіне енген, яғни Минск және Кишинев құжаттары бар.
«Таяу арада осы тектес халықаралық келісімдерге Бразилиямен, Иорданиямен, Македониямен, Грекиямен және Португалиямен қол қоюды жоспарлап отырмыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.