Қазақстан сайлау өткізуден жақсы тәжірибе жинады - Литвалық байқаушы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Литвадан келген халықаралық байқаушы Қазақстандағы Президент сайлауында байқаған жайттар туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан сайлау өткізуден жақсы тәжірибе жинады - Литвалық байқаушы

Литваның Сейма депутаты Симонам Гентвилас Қазақстанда сайлау өткізу тәжірибесі жақсы қалыптасып келе жатқанын атады.

«Осымен үшінші рет сіздердегі сайлауға байқаушы ретінде қатысып отырмын. Бұрынғыға қарағанда тәжірибе жинақтап қалғандарыңыз көрініп тұр. Сайлау учаскесіндегі адамдар сырттан келген байқаушыларға бұрынғыдай сақтықпен қараған жоқ. Сұраған ақпаратының барлығын ұсынып, жылышырай танытты. Қала ішінде көп жүрдік. Сонда байқағанымыз, Еуропада жарнама көбірек болады. Сонда да, барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілді деп ойлаймыз. Ендігі маңыздысы дауыстардың дұрыс саналуы», - деді литвалық байқаушы.

Айта кетсек, соңғы мәлімет бойынша елдегі сайлаушылардың 72,9 пайызы дауыс берді.

Бұған дейін, Болгария, Испания және Грекия елінен келген халықаралық байлаушылар сайлаудан түйген пікірлерін білдірген болатын.