Қазақстан сайлауы ұйымдастыруды жоғары деңгейімен ерекшеленеді - Канадалық байқаушы Маргарет Скок

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте халықаралық байқаушы, Канаданың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, Халықаралық басқару және инновациялары орталығының ғылыми қызметкері Маргарет Скок (Канада) Қазақстандағы сайлаудың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Қазақстан сайлауы ұйымдастыруды жоғары деңгейімен ерекшеленеді - Канадалық байқаушы Маргарет Скок

Брифинг барысында сарапшы ең алдымен барша қазақстандықтарды сайлаумен және Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Мен бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларында қызмет бабында болған едім. 25 жылдағы өзгерістер өте зор. Осы елдердің түрлі бағыттағы өзгерістерін байқау қызықты. Соның ішінде сайлау да бар. 12 сайлау учаскесінде болдым, сайлаушылар ерекше көңіл күйде келгенін көрдім. Тіпті мерекелік ерекше киім үлгісімен келгендер де бар екен. Олардан бұның мән-жайын сұрағанда олар сайлау мен Наурыз қатар келгеніне де назар аудартты. Сосын қарт адамдардың, үлкен кісілермен бірге сәбилердің де сайлаудан қалмай барып жатқанын байқадым. Осының өзі сайлауға деген ерекше көңіл күйді білдіреді», - деді Маргарет Скок.

Оның айтуынша, сайлау барысында халықаралық байқаушылардың бірі үлкен қарт адамнан не үшін сайлауға баратынын сұраған екен: «Сіздің жасыңыз біразға келді? Сайлаудың сізге не маңызы бар, бәрібір емес пе?».

«Сонда әлгі қарт адам: «Мен әлі тірімін ғой. Ендеше, мен де сайлауға, оның нәтижесіне әсер еткім келеді» деп жауап берді. Шындығында, бұл күтпеген жайт секілді», - деді Маргарет Скок. Сонымен қатар, байқаушы бірқатар сайлау учаскелерінде болғанын айтып, онда ұйымдастыру деңгейі әр түрлі екенін жеткізді.

«Мені сайлауды ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы тәнті етті. ЕҚЫҰ миссиясы аясында Қазақстанда ғана емес, ТМД-ның бірқатар елдерінде болдым. Соған байланысты салыстырсам, Қазақстанның сайлауды ұйымдастыру деңгейі жоғары», - деді сарапшы.