Қазақстан Сенаты мен РФ Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясының отырысы өтті

Ынтымақтастық жөніндегі аталған комиссияның үшінші отырысына Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының Орынбасары Қайрат Ищанов пен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының Орынбасары Ильяс Умаханов қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Күн тәртібінің аясында ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегі мен шекаралық аймақтардың және кеден бекеттерінің құқықтық жағдайларын жетілдіру мәселелері қаралды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ресейлік делегациясының басшысын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми қабылдады. Жүздесу барысында комиссия аясында талқыланған мәселелер екіжақты ынтымақтастықта өзекті екені аталып өтілді. Қ.Мәмидің айтуынша, комиссияның әлеуеті жоғары және ол алда тұрған маңызды міндеттерді шеше алады.
Кездесуде сондай-ақ алдағы маусым айында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының Ресейге ресми сапарының мәселелері де талқыланды.