Қазақстан сертификатталған органикалық жерлер бойынша өңірде бірінші орында тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Органикалық өнім өндіру туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін айтып, экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруды тапсырған болатын.
None
None

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда органикалық егін шаруашылығы үшін үш жүз мың гектар жер пайдаланылады. Дегенмен, Қазақстанда органикалық өнімдер үлесіне елдегі барлық тұтынылатын өнімнің шамамен 0,1 пайызы келеді. «Тұтастай алғанда, Қазақстандағы органикалық өнімдер өндіру әлеуеті өте зор. Дегенмен, бұған қарамастан елімізде қазіргі таңда жеке компанияларды органикалық өнім өндіру бойынша сертификаттайтын мемлекеттік жүйе жоқ, кедергілер де басым. Органикалық өнім өндіру саласын заңнамалық реттеудің болмауы бүгінгі таңда осы нарықтың дамуына кедергі болып отыр. Соған қарамастан, қазірдің өзінде елімізде жиырмаға тарта кәсіпорын органикалық өнімдер шығарумен айналысып келеді. Солардың арқасында Қазақстан сертификатталған органикалық жерлер бойынша өңірде бірінші орында тұр. Ал олар шығаратын өнім негізінен экспортқа бағытталады», - деді Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева. Жалпы заң жобасының мақсаты органикалық өнім өндіруді дамыту үшін жағдай жасау, табиғат ресурстарды сақтау, топырақты, суды, ауаны қоса алғанда табиғи ресурстарды басқарудың, биоәралуандылықты қолдаудың орнықты жүйелерін пайдалану болып табылады. Бұдан бөлек, тамақ өнімдерінің сапасын арттырып, экологиялық өнімге баса мән бере отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық бренд жасауға қолдау көрсету қарастырылады. Осы арқылы басқа да дамушы елдерге қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайту шаралары қамтылмақ.

Соңғы жаңалықтар