Қазақстан шахмат федерациясы мен FIDE шахмат үйретудің тиісті жүйесін енгізуді талқылады
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Израильдің Тель-Авив қаласында FIDE бас директоры Эмиль Сутовскиймен кездесті.
«Тараптар биыл көктемде Астанада өтетін шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчты талқылады. Э.Сутовский Қазақстандағы шахмат спортының дамуына және еліміздің әлемдік шахмат аренасындағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде шахмат үйретудің тиісті жүйесін енгізу мәселелерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан шахмат федерациясы мен FIDE желісі бойынша екіжақты байланыстарды жандандыруға жәрдемдесуге келісті», - делінген СІМ хабарламасында.
Еске салайық, Тимур Турлов ҚР шахмат федерациясының президенті болып биылғы 18 қаңтарда сайланған болатын. 23 қаңтарда Т.Турлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен елімізде шахматты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысына әлем чемпионы атағы үшін биыл сәуір айында Астанада өтетін шахмат жарысына даярлық барысы туралы баяндалды.
Фото: gov.kz