«Қазақстан» шахтасындағы өрт қашан сөндіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – «АрселорМиттал Теміртау» тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай шахтадағы өртті сөндіру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан» шахтасындағы өрт қашан сөндіріледі

«Абай» шахтасындағы жағдаймен салыстыруға болмайды. Өйткені онда жарылыс болып, апатты учаскеге жету мүмкін емес еді. Бүгін таңертең апатты учаскеден біршама жоғары, аталған конвейнерге тақау бара алдық. Өрттің таралмайтынын анықтадық. Бұл жайт азды-көпті оптимистік болжам жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен қазіргі уақытта мұны айту дұрыс бола қоймас. Өйткені апатты жою штабы бар», - деді ол Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.

Шахтадағы өртті сөндіруге қатысты Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин де болжамымен бөлісті.

«Өртті сөндіре алатындығымызға қатысты оптимистік болжам бар», - деді ол.

Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.

5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін олардың бірінің денесі табылды. Қалған 3 адамды іздестіру жалғасып жатыр.

Қарағандыдағы көмір шахтасында зардап шеккендердің арасында екі адам жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.