«Қазақстан» шахтасының директоры болған Мәжіліс депутаты АрселорМитталдағы апат жайлы пікір білдіруден бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кезінде «Қазақстан» шахтасының директоры болған Мәжіліс депутаты Арман Қалықов кәсіпорында орын алған апатқа қатысты пікір білдіруден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен өз пікірімді басқа сайтқа бердім. Ол бір сағаттан кейін интервьюмен шығады. Фотографиялар, бәрі бар. Менің пікірім бар», - деді Ерлан Қалықов ҚазАқпарат тілшісіне.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты агенттік тілшісінің ҚазАқпаратқа да пікір білдіру өтінішіне: «жоқ», - деп қысқа қайырды.
Арман Қобыландыұлы еңбек жолын 1991 жылы Шахтинск қаласындағы В.Ленин атындағы шахтада жерасты тау-кен жұмысшысы болып бастаған және жерасты тау-кен жұмысшысынан учаскенің басшысына дейінгі жолдан өткен. 2008 жылдан биыл Қарағанды облысынан бірмандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамында түрлі басшылық қызметте болған. 2014-2015 жылдары «Қазақстан» шахтасының директоры қызметін де атқарған.
Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, осы уақытта үш кеншінің денесі табылды.
Айта кетейік, Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.