Қазақстан шекараласатын елдермен Кеден одағы аясындағы жауапкершілік кеден қызметінің мойнына түседі - Үкімет басшысы
А. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан шекараласатын елдермен Кеден одағы аясындағы жауапкершілік кеден қызметінің мойнына түседі.
Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік кеден ұйымының Астанадағы Өңірлік оқыту орталығының ашылу рәсімінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2010 жылғы шілденің 1-нен бастап Қазақстан мен Ресей аумағы арасындағы кедендік бақылау алынып тасталады. Осылайша біз өзімізге мынадай міндеттеме аламыз: Қазақстан шекараласатын елдермен Кеден одағы аясындағы жауапкершілік Қазақстанның кеден одағы мойнына түседі. Кеден одағы бойынша біздің әріптестеріміз бірінші назар аударған мәселе, бұл есірткілердің заңсыз айналымы болды. Ресей Федерациясы осы мәселені көтерді. Менің ойымша, Үкімет шеңберінде біз қабылдайтын болып келіскен шаралар, кеден қызметіне және шекара қызметіне бөлініп жатқан қосымша ресурстар бұған тосқауыл қоюы тиіс. Сіздерге сұраған қаржы бөлінді. Сондықтан, кедендік шекара аясындағы жауапкершілік толықтай кеден қызметіне жүктеледі. Кедендік бекеттер жоқ жерде жауапкершілік шекара қызметіне түседі», деді Үкімет басшысы Кедендік бақылау комитетінің төрағасына қаратып айтқан сөзінде.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанның кеден қызметі соңғы жылдарда заманауи қондырғылармен жабдықталды. «Үкімет ретінде біз бәрін жасадық. Енді өткізу бекеттерінде жауапкершілік сіздерге жүктеледі», деді К. Мәсімов.
К. Мәсімовтың айтуынша, ол көрші елдердегі әріптестерімен әңгімелескен. Онда Кеден одағын құра отырып Орталық Азия өңіріндегі елдер арасындағы сауда-саттыққа кедергі келтірмеу, заңды сауда-саттық үшін бұл процедураларды қалай жеңілдету мәселесі талқыланған.
«Қатарынан екінші жыл буырқанып жатқан әлемдік экономикалық дағдарыс біздердің елдер арасындағы өңірлік кооперациялар, өңірдегі көрші елдер арасындағы сауда-саттықты жеңілдету біздердің экономикаларымызды дамыту үшін табыстың кілті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Біздердің шекараларымыз заңдық тұрғыдан қаншалықты оңай әрі ашық болатын болса, компанияларға және экономикаларымызға белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізу соншалықты жеңіл болады. Сонымен бір мезгілде, тауарлардың заңсыз айналымына, біздердің шекараларымыз арқылы есірткілердің, қару-жарақтардың және контрабандалардың заңсыз тасымалдануына тосқауыл қоюымыз қажет. Менің ойымша, дәл осы симбиозды: яғни тауарлардың заңды айналымына барынша жағдай жасауды, ал кез-келген заңсыз дүниеге тосқауыл қоюды кеден қызметі орындауы тиіс», деді Премьер-Министр.