Қазақстан шекарашылары Ресейге есірткі алып өтпек болғандарды ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Қазақстан шекарашылары есірткі өткізбек болған бірнеше оқиғаның жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Қазақстан шекарашылары Ресейге есірткі алып өтпек болғандарды ұстады

Еліміздің солтүстігіндегі Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ авто» бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары қырағылық танытып, есірткімен жүрген қазақстандық екі адамды ұстады. Нақтырақ айтқанда, бірінші дерек бойынша «ВАЗ» автомашинасымен Ресей Федерациясына бара жатқан 45 жастағы отандасымыз ұсталды. Оның жеке заттарын қарау кезінде қол сөмкесінен салмағы 10 грамм болатын «марихуана» табылды. Екінші оқиға да осыған ұқсас. Мұнда да «Лада» автомашинасымен Ресейге кетіп бара жатқан 40 жастағы жерлесіміздің қалтасынан 15 грамм «гашиш» шықты. Әрине, бұл жерде шекарашылардың қызметтік иттерінің қырағылығын атап өткен орынды.