Қазақстан шекарасын Каспий арқылы заңсыз кесіп өткен үш ирандық сотталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Иран Ислам Республикасының үш азаматына қатысты сот үкімі шығарылды.
Биыл 24 шілдеде Иран Ислам Республикасының үш азаматы балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы Қазақстан Республикасы шекарасын заңсыз кесіп өткен.
Аталған азаматтар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен ұсталған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-1-бөлігімен, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жібере отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ. Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде заңсыз кесіп өту заңнамада белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, биыл сәуірде Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік шекараны өткізу бекетінен тыс жерден заңсыз кесіп өткен үш шетел азаматына қатысты сот үкімі шыққан еді. Олардың екеуі 6 айға бас бостандығынан айырылып, тағы біреуіне 1 млн 376,2 мың теңге айыппұл салынды. Үшеуі де Қазақстан аумағынан шығарылды.