Қазақстан шекарасынан аса ірі көлемде есірткі алып өткен қырғызстандық 15 жылға сотталды
АСТАНА.KAZINFORM - Қырғыз Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы қарбыз арасына жасырылған тыйым салынған заттарды заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп танылды.

Павлодар облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу нәтижесінде 59 килограммнан астам героин мен 10 килограмм гашиш тәркіленді.
Сот шетел азаматын кінәлі деп тапты және 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот Қазақстан Республикасының азаматын жоғарыда аталған ауыр қылмыс туралы алдын ала біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
- Бұл жағдай есірткінің заңсыз айналымы ауыр салдарға әкелетінін тағы бір мәрте дәлелдейді. Құқықтық тәртіп органдары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, заңдылықты сақтауды қамтамасыз етіп, есірткі қылмысына қарсы белсенді күресті жалғастыруда.
Осыған дейін есірткі контрабандасымен айналысты деп күдік келтірілген адам Ресейден экстрадицияланғаны туралы жаздық.