Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Қытай азаматтары ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мемлекеттік шекарасын бұзып өткен 46 қытай азаматтары анықталды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Қытай азаматтары ұсталды

Еліміздің оңтүстігіндегі «Қордай» шекара отрядына қарасты «Сортөбе» заставасының шекарашылары қазақ-қырғыз шекарасын бұзған 7 қытайлық азаматты ұстады. Оларға қатысты Қордай шекара отрядының тергеу бөлімі алдын ала Қылмыстық Кодекстің 392-бабының 1-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында мемлекеттік шекара бұзушылардың жалпы саны 46 адам екендігі анықталды. Барлығы алғашқыда «Үрімші-Манас» бағытындағы ұшақпен қырғыз еліне келіпті. Жұмыс іздеген қытайлықтар одан кейін әлдебір ұйымдастырушылардың көмегімен қазақ-қырғыз шекарасынан өткен. Одан кейін олардың 39-ы Оңтүстік Қазақстан облысына сапар шеккендігі белгілі болды.

«Нелегал-2015» іс-шарасының аясында 20 мамыр күні қазақстандық шекарашылар Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және ішкі істер департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып жедел іздестіру шараларын өткізді. Бірлесе өткізілген іс-шараның нәтижесінде 39 қытайлық азаматтың мекен-жайы анықталып, барлығы да қолға түсті.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.