Қазақстан шет мемлекеттерден азаматтық және сауда істері бойынша дәлелдер алуға құқылы болады - Сенат

Аталған конвенция 1970 жылы 18 наурызда Гаагада жасалған.
«Былтырғы жылдың соңында Қазақстан Еуропалық Одақпен әріптестік ауқымын кеңейте түсу туралы жаңа келісімшарты қабылданған болатын. Осының аясында Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияны ратификациялау ұсынылады. Бұл ретте Еуропалық Одақ халықаралық және жеке құқықтар туралы Гаага конвенциясына Қазақстанның қатысуына қолдау білдіретін болады. Ал қаралып отырған құжат азаматтық сот өндірісінің әмбебап тәртібін айқындайды», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Әділет вице-министрі Эльвира Азимова.
Оның айтуынша, Конвенция шет мемлекеттерде азаматтық және сауда істері үшін дәлелдер алуға жағдай жасайды. Бұл ретте шетелдік қатысулармен болатын экономикалық, инвестициялық дауларға қатысты қазақстандық соттардың өкілеттігі кеңейтіледі.
«Конвенцияны отандық соттардың халықаралық істердегі өкілеттігін нығайту деп қарастырса да болады. Құжат қабылданса Қазақстан аталған бағытта 53 мемлекетпен дәлелдемелер, айғақтар алу бойынша ынтымақтастықты жандандырады. Яғни, Конвенцияға қосылу әрбір мемлекетпен жеке-жеке келісімшарттар жасамастан, келісім аясындағы Қазақстанның шет елдермен ынтымақтастық аясын кеңейтеді», - деді Э. Азимова.
Заң жобасы Сенаттың алдағы жалпы отырысына талқылауға шығарылады.