Қазақстан шетелден асыл тұқымды ірі қара мал импорттауды тоқтатпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шетелден асыл тұқымды ірі қара мал импорттауды тоқтатпақ. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Министрдің атап өтуінше, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы қолға алынған сәттен бастап елімізге шамамен 50 мың бас ірі қара мал әкелінген. Ал 5 жылға арналған жоспарға сәйкес 72 мың бас ірі қара жеткізілуі тиіс еді.
«Дегенмен біз қазірдің өзінде ішкі өсіп-өнудің нәтижесінде елдегі асыл тұқымды мал басына қажеттіліктің төмендегендігін байқап отырмыз. Біз енде бұл қолдау бағдарламасын тоқтатамыз. Бірақ, бизнес әлі де болса мал әкелуге ниет танытып отыр»,- деді ол.
А.Мамытбековтің сөзіне қарағанда, жоба алғаш бастау алған сәтте асыл тұқымды малдың тірі салмақтағы 1 келісі 2500 теңгеге дейін жеткен. Ал қазіргі уақытта мал басының көбеюіне байланысты 1300-1500 теңгеге дейін төмендеген.
«Бұл фермерлердің сатып алуына қолжетімді баға. Сондықтан да импорттаудың аса қажеттілігін көріп отырған жоқпыз», - деді ол.