Қазақстан шетелден келетін мигранттарды қабылдауға әзір болуы тиіс - профессор Т.Қалдыбаева

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Болашақта Қазақстанға келетін мигранттардың саны артады.

Қазақстан шетелден келетін мигранттарды қабылдауға әзір болуы тиіс - профессор Т.Қалдыбаева

Сондықтан оларды қабылдауға қазірден бастап дайындалу керек. Бүгін Астанада өткен Қазақстандағы көші-қон мәселелеріне арналған конференцияда профессор Тыныштық Қалдыбаева осы мәселеге баса тоқталып өтті.

Ғалымның мәліметіне қарағанда, әлемде табиғи өсімнің көрсеткіші жылына 90 млн. адамды құрап отыр. Олардың 80 млн.-ы орта немесе нашар дамыған елдердің еншісінде. «Әрине, осыншама көп адамнан құралған топ бір жерге сыймайды. Олар табыс іздеп, басқа мемлекеттерге шығатын болады. Ал Еуропаның қартайып бара жатқан аймақ екендігін ескерсек, мигранттардың басым бөлігі ертең Орталық Азия елдеріне кеңінен тарайтындығы айдан анық. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмайды. Еліміздің экономикалық әлеуеті өскен сайын, шетелден келетін жұмыс күші де артады. Сондықтан болашақта Қазақстанға келетін мигранттарды қабылдауға қазірден бастап дайындалу керек деп ойлаймын. Оның бәрі өркениетті түрде өтуі тиіс», - дейді профессор.

Айта кетейік, Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының өкілі Бейімбет Үсіпбектің ұсынған ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың соңғы 9 айы ішінде 67 мыңнан астам шетел азаматы тіркелген. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда, 8 мыңға артық.