«Қазақстан - шетелдік БАҚ көзімен»: Үздік авторлар Бурабайда болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Қазақстан - шетелдік БАҚ көзімен» V халықаралық байқауының жеңімпаздары Бурабай курортында болып, туристік өңірдің көрікті жерлерін аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Визит Ақмола» туристік ақпараттық орталығы таратқан ақпаратқа қарағанда, экскурсия барысында шетелдік журналистер «Қазақстанның інжуі» саналатын Бурабай курортындағы «Жайлау» этноауылы, Абылайхан алаңы, Визит орталығында болды. Одан әрі «Бөлектау» тауының биік шыңына шығып, Көк шығанақ, Оқжетпес және Жұмбақтас таулары мен Бурабай көлінің сұлулығын жоғардан бақылады.
Ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы қонақтардың қызығушылығын одан сайын еселей түсті. Шетелдік туристер тарихқа бір сәт оралып, неолит дәуіріндегі қазақтардың әлеміне еніп кеткендей болды.
Айта кетейік, жыл сайын байқауға Қазақстанның дамуы туралы әр түрлі тақырыпта қызықты мақалалар жариялаған шетелдік авторлар қатысады. Биылғы жылы жиырма елден жолданған 85 мақаланың ішінде 5-уі жеңімпаз ретінде таңдалып алынды. Байқау жеңімпаздарына еліміздің Астана, Алматы және Бурабай курортында саяхат ұйымдастырылып, кең көлемде ақпараттық және мәдени бағдарлама ұсынылды.
ТМД және Балтық елдерінің авторлары арасында Өзбекстан Республикасы Ұлттық ақпараттық агенттігінің редакциясы үздік болып танылды.
Ал, еуропалық журналистер арасында «Country and Townhouse» журналына «One Steppe Beyond» тақырыбымен мақаласы жарық көрген британиялық Джилли Пикап топ жарды. Америкалық журналистерінің ішінде Forbes басылымының тілшісі Стефена Липовцеваның «Қазақстанның жеті кереметі» мақаласы жоғары бағаланды. Таяу Шығыс және Африка елдерінің журналистерінің арасында иорданиялық Абдельхафез аз-Забен, Азия, Австралия және Мұхит елдерінен үндістандық Индервир Сингх «Business Central Asia» журналында «Astana: the capital has its own charms and pleasures» тақырыбымен шыққан мақаласы байқау қазыларының көңілінен шықты.
Қонақтарды қарсы алған Ақмола обылысының туризм басқармасының өкілдері өңірдің туристік әлеуетін айта келе, Бурабай курортына келгендері үшін брендтік өнімдерден естелік сыйлықтар тарту етті.
Өз кезегінде қонақтар да жылы қарсы алған ақмолалықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта курорттық өңір туралы қалам тербейтіндіктерін айтты.


