Қазақстан шетелдік комбайндарды сатып алуды шектемек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы үнемдеу мақсатында Қазақстан шетелдік комбайндарды сатып алуды шектейді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан шетелдік комбайндарды сатып алуды шектемек

«Өткен жылы комбайндарды сатып алуға 3,6 млрд. теңге жұмсадық. Оның қырық пайызы алыс шетелге, ал 60 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Аталған 40 пайызына қаржының 70 пайызы жұмсалды. Осы ретте тиісті есептеулерді жасадық, негізінен ТМД-да өндірілетін, яғни бұл тұрғыда Ресей мен Беларусь техникасын сатып алу ескерілді. Сонымен қатар өзінің техникалық сипаттамасы бойынша олар алыс шетел техникасынан қалыс қалмайды. Нәтижесінде, дәл сол қаржыға комбайн паркін үш есеге арттыруға болады»,-деді Мырзахметов.

Оның сөзіне қарағанда, лизингтік бағдарлама аясында «ҚазАгроқаржы» желісі бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсалатын ақша комбайндар мен техниканы өндіретін отандық зауытты құруға байланып отырған көрінеді.

Атап айтқанда, бүгін қарастырылған АӨК-ні дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік жаңа бағдарламасы аясында отандық ауыл шаруашылығы техникасын жасайтын өндірістерге қолдау жасау қамтылып отыр.

Осы орайда А. Мырзахметов бүгінде зауыттар бар екенін, алайда олар негізінен дайын тетіктерді құрастырумен айналысатынын атап өтті.

«Енді бағдарлама аясында локализацияны арттырып, отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласын қолдауға даяр екенімізді мәлімдеп отырмыз»,-деді Мырзахметов.