Қазақстан шетелдік талантты жастарды оқытып, жұмысқа орналастыру үшін грант бөлуді қарастырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шетелдік талантты жастарды оқытып, оларға жұмыс ұсыну үшін грант бөлуді қарастыруға ниетті. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні еліміздегі еңбек ресурсының тапшылығын еңсеру мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға жағдайлар жасалған. Ал шет елдік еңбек күші негізінен жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын квота мен рұқсаттар бойынша немесе Индустрияландыру картасының басым жобаларын жүзеге асыру аясында, сондай-ақ корпоративтік ауысулар және халықаралық келісімшарттар арқылы тартылады.
«Еңбек нарығын реттеудегі тағы бір басым бағыт елімізге талантты шет елдік жастарды тарту. Бұл ретте біз тиісінше гранттар бөлуді қарастырмақпыз. Жалпы, бұндай практика барлық жерде қолданылады. Егер талантты жастар бізде оқыса, онда біз оларға оқуын бітіргеннен кейін Қазақстанда үш жыл бойы өзі оқыған мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз, олар осы мезгіл аралығында квота немесе арнайы рұқсатсыз жұмыс істей алатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуына қарағанда, үш жыл өткеннен кейін әлгі грант иесі өзінің шетелдік жұмыс күші ретіндегі мәртебесін нақтылауы керек. Яғни, олар не жұмыс берушінің квотасы арқылы, не өздігінен жұмысқа орналасуға келген шетелдік екені туралы мәртебені алуы керек. Министрдің сөзіне қарағанда, бұндай шара Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына интеграциясын қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік жоғары білікті жұмыс күшін тартуға, сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғауға септігін тигізеді.