«Қазақстан» шипажайы мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы қаласының прокурорлары «Қазақстан» шипажайын мемлекетке қайтарды.

шипажай
Фото: yandex.kz

Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2013 жылы шипажай директоры «Қазақстан» шипажайының барлық мүлкін кепілге қойып, кірісті жасанды түрде арттырып, ғимараттарды жөндеуге 2,6 миллиард теңге несие алған.

2021 жылы 700 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін директор мен шипажайдың өзге де қызметкерлері бас бостандығынан айырылды.

Несие беру кезінде банк шипажайдың төлем қабілетіне талдау жүргізбегені анықталды. Осыған қарамастан 2022 жылы сот жалпы 3 млрд теңге қарызды өндірді.

Алматы қаласы прокуратурасының апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, бұл сома 1,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды.

Өз кезегінде Медеу ауданының прокуратурасы кепіл шартының заңсыздығы мен жарамсыздығына байланысты оны жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінді.

2023 жылдың 12-ші желтоқсанында прокурордың талап арызын Алматы қаласы АМЭС қанағаттандырды.

«Осылайша, прокуратура қолданған шаралардың арқасында құны 7 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік санаторий заңсыз кепілден алынып, оның қарызы 1,2 миллиард теңгеге қысқарды», - делінген Алматы қаласы прокуратурасының таратқан баспасөз-баянында. 

Соңғы жаңалықтар