Қазақстан ШЫҰ елдеріне мәдени ынтымақтастықты нығайтудың жолдарын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан делегациясы Үндістанның Нью-Дели қаласында ұйымдастырылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Өркениеттер диалогы форумына қатысты, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.
20-22 қараша аралығында өткен халықаралық жиынға Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бастаған делегация қатысты.
Форумға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері, салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері жиналды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди сөз сөйледі.
Форум аясында өркениетаралық диалогты дамыту, мәдени әралуандылықты сақтау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған төрт тақырыптық секция ұйымдастырылды.
Айбек Сыдықов өз сөзінде халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау және мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту маңызды екенін атап өтті.
– Айбек Сыдықов өз сөзінде халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың, ұлттық дәстүрлерді сақтаудың және мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызын атап өтті. Халықаралық мәдени алмасуды кеңейтуге, ұлттық өнерді шетелде танытуға, музей және театр салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, жас мәдениет қайраткерлері мен креативті индустрияларды қолдауға ерекше назар аударылды, – делінген министрлік ақпаратында.
Жиын барысында қатысушылар мәдени байланыстарды тереңдету және ШЫҰ елдері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, биыл шілде айында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері кеңесінде Қазақстан мәдениет саласындағы ынтымақтастықты цифрлық бағытта дамытуды ұсынған еді. Атап айтқанда, ортақ цифрлық каталогтар қалыптастыру, виртуалды көрмелер ұйымдастыру және онлайн архивтерді дамыту бастамалары көтерілді.
Inform.kz