Қазақстан ШЫҰ мемлекеттері үкімет басшыларын бірқатар маңызды міндетті орындауға шақырды

Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Үкімет
Фото: Үкімет

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі.

Қазақстанның үкімет басшысы жиын қатысушыларының назарын ұйым аясында жүзеге асырылуы қажет бірқатар міндеттерге аударды.

- Бірінші міндет – ШЫҰ-мен сыртқы сауда-экономикалық байланыстың дамуын нығайту. 20 жылдан астам уақыт ішінде өңірішілік сауда 100 есеге өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 20%-ке артып, 61 млрд долларға жетті, - деді ҚР премьер-министрі.

Оның сөзінше, негізгі бағыттардың бірі электрондық сауда болып келе жатыр. Түрлі бағалау бойынша, ШЫҰ-ның электрондық саудадан түскен ортақ табысы биыл 1,5 трлн долларға жетуі мүмкін.

Екінші міндет – ШЫҰ мемлекеттерінің географиялық орнын ескере отырып, толық масштабты көлік желісін құру.

Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік бағытымен бірге шығыс-батыс және солтүстік-оңтүстік дәліздерінің мүмкіндіктерін ашу үшін қажет алғышарттардың бірі. Бізге көлік саласындағы серіктестікті кеңейту қажет. Қазіргі халықаралық автокөлік жүк тасымалы келісімі ШЫҰ аумағында толық орындалмайды.

Көлік министрліктеріне қазір өңірде бар халықаралық маршруттарды ескеріп, жаңа тиімді тәсіл жасап шығаруды тапсыруды ұсынамыз.

Сондай-ақ бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерінің бірі – инвестициялық ынтымақтастықты кешенді нығайту болуы керек.

- Инвестициялық қорларды дамыту үшін институттарымыз жұмыс істейтін алаң құру қажет.
Осыған байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ инвестициялық қорын құру туралы бастамасына назарларыңызды аударғым келеді. Бұл мәселеде ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің белсенділігін күтеміз, — деді Премьер-Министр.

Төртінші міндет – ШЫҰ елдерінің экономикасын технологиялық дамудың жаңа дәрежесіне көтеруді жеделдету маңызы. Ә.Смайыловтың айтуынша, мұнда негізгі идея инновация мен жаңа индустрияларды құру болуы керек.

- Осы сәтті пайдалана отырып, 2024 жылдың ақпанында өтетін «Digital Almaty» цифрлық форумына қатысуға шақырамын. Ол ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хабты қалыптастыруға арналады, - деді ол.

Келесі міндет – Ұйым аумағында туризмді дамыту.

ШЫҰ ерекшелігі – жарқын өркениет мұрасы. Елдерімізде орналасқан киелі орындар мен бірегей көне ескерткіштер ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Бұл – аймақтық туризмді жандандырудың берік негізі және кең ауқымды мүмкіндіктер алаңы.

Қазақстан бұл үрдіске өз үлесін қосуға дайын. Келесі жылы төрағалығымыз аясында Түркістанда «Алтын Орда және оның мұрасы» атты ШЫҰ халықаралық конференциясын өткіземіз. Сол кезде «ШЫҰ киелі орындары» жобасын таныстыруды жоспарлап отырмыз.

- ШЫҰ қарқынды дамып жатқан халықаралық құрылымдардың бірі ретінде өзінің құндылығын көрсетіп, ортақ мүддеге қызмет етеді. Қазақстан үкіметі серіктестерімен тығыз жұмысты жалғастыруға, елдеріміз бен жалпы өңір үшін тиімді нәтижеге қол жеткізуге дайын, - деп сөзін қорытты Әлихан Смайылов.