Қазақстан шынайы демократия құру жолында ілгерілеу үстінде - корейлік байқаушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шынайы демократия құру жолында ілгерілеу үстінде. Бұл туралы бүгін Корея Республикасы Ұлттық сайлау комиссиясының бөлім бастығы Лим Чай Мэн айтты.
«Ең алдымен сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ал сайлау процесіне келер болсақ, ол Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сай, мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр. Мен бұл сайлаулардың нәтижесінде ел барынша тұрақталып, өзінің ішкі ұлттық интеграциясын нығайта түседі деп сенемін», - деді ол.
Сонымен қатар корейлік байқаушы Қазақстан мен Корея сайлауды байқау саласындағы ынтымақтастығын нығайту арқылы өзара байланыстарын күшейте түсетіндігін атап өтті.
«Қазақстан шынайы демократия құру жолында ілгерілеп келеді. Айта кетерлігі, Кореяның сайлау барысында заманауи электронды технологияларды қолдануда мол тәжірибеге ие. Біз сайлау процесінде ақпараттық технологияларды қолдану бойынша тәжірибе бөліспек ойымызда бар. Сонымен қатар біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың да кеңейе түскеніне мүдделіміз», - деді Лим Чай Мэн.