Қазақстан ШЫҰ оқу-жаттығуында жаңа техниканы таныстырды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қырғызстанда өтіп жатқан «Бейбіт Миссия-2016» жаттығуында қазақстандық тарап Астанада шығарылған «Арлан» көлігі мен ЕС-145 тікұшағын ұсынды.

Қазақстан ШЫҰ оқу-жаттығуында жаңа техниканы таныстырды

«Арлан» - минаға қарсы күшейтілген қорғаныспен көп қырлы броньдалған дөңгелекті көлік. Оның минаға қарсы қорғанысы жоғары. Кез келген қарудан атқан оқты дарытпайды. Салмағы 16 тонна, машина экипажы - 2+8 адам, ол жылдамдықты сағатына 120 шақырымға дейін арттырады.

Сондай-ақ жаттығуда жаңа  Eurocopter EC-145 тікұшағы таныстырылды. Оның артықшылығы жайлы журналистерге экипаж командирі Алексей Аляев айтып берді.

«Тікұшақтың артықшылығы - үнемділігі. Сағатына 200 литр отын жұмсайды. Ұшу ұзақтығы - 715 шақырым. Бортта екі ұшқыштан басқа арнайы мақсаттағы жасақтың 8 жарақталған әскерін орналастыруға болады. ЕС-145  әлемдегі ең қауіпсіз тікұшақтардың бірі саналады», - деді А. Аляев.

 «Тікұшақтарды құрастырумен Eurocopter Kazakhstan Engineering бірлескен кәсіпорны айналысады. Бұл әлемдегі ең заманауи ұшақтардың бірі, ол іздеу-құтқару жұмыстарын, басшылық құрамды, десанттық-көліктік  тасымалдауды орындайды», - деп қосты қазақстандық қорғаныс ведомствосының өкілі.

Еске салсақ, ШЫҰ «Бейбіт Миссия-2016»  жаттығуы 15 қыркүйектен бері Балықшы (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) қаласының маңындағы «Эдельвейс» әскери полигонының базасында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан әскери күштерінің бөлімшелері қатысуда.

null null