Қазақстан симфониялық оркестрі Латын Америкасындағы гастрольдік сапарын Бразилиядан бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бразилиядағы Елшілігінің, Мәдениет министрлігі, сондай-ақ бразилилиялық «Dell'Arte» продюсерлік компаниясының қолдауымен Рио-де-Жанейро қаласында ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің Бразилиядағы гастрольдері өтіп жатыр.

Қазақстан симфониялық оркестрі Латын Америкасындағы гастрольдік сапарын Бразилиядан бастады

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Оркестр бағдарламасында концерттердің өтуі Бразилия мен қоса Аргентинада да жоспарланған. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты - Қазақстанның Бразилия және Аргентинамен мәдени байланыстарын одан әрі нығайту мен кеңейту, сондай-ақ бразилиялықтар мен аргентиналықтарға Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттап, кеңінен таныстыру.

Оркестр солисі - «Болашақ» Президенттік бағдарламасының иегері, Лондон қаласының Корольдік музыка Академиясының түлегі, халықаралық конкурстардың лауреаты, талантты қазақстандық скрипкашы Ғалия Бисенғалиева болса, дирижерлікті белгілі француздық дирижер Николя Крауз атқарады.

Рио-де-Жанейро қаласынан басқа концерттер Аргентинаның Буэнос-Айрес, Розария және Кордоба сияқты ірі қалаларында өз жалғасын табады. Атап айтқанда, Буэнос-Айресте концерт тек Латын Америкасында ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемге әйгілі «Колон» театрында өтеді.