Қазақстан Сыртқы істер министрі Минск қаласына сапарлайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы министрлері кеңесінің отырысына қатысады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

сыртқы істер министрлігі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«2024 жылғы 12 сәуірде Минск қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Іс-шара барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті аспектілерін, ТМД аясындағы өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылайды», - деді А. Смадияров ведомстводағы апталық баспасөз мәслихатында.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдау, сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшыларының қарауына енгізу үшін құжаттардың жобаларын мақұлдау ескерілген.

«Сонымен қатар, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары бірқатар бірлескен мәлімдемелер қабылдауды жоспарлап отыр», - деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар