Қазақстан сияқты көршіміздің болғанына қуануымыз керек – Қырғызстан ғалымы
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қырғызстан бизнесі бірлескен кәсіпорындарды құруға назар аударуы керек.
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қырғыз-Ресей университетінің Ұлттық экономика және өңірлік даму кафедрасының меңгерушісі, профессор Асылбек Аюпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі көршілес елдер. Бұрыннан біздің мемлекеттер арасында тығыз қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің отбасымызға тоқталсақ, менің анам қазақ. Ашаршылық жылдарында нағашы атам осында қоныстанған. Сонымен қатар, менің қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты, яғни бізде туыстық және бауырластық байланыстар өте жақын екенін байқауға болады. Сондықтан кебіреулер қаламаса да, объективті тұрғыда біздің елдер тығыз ынтымақтастықта болуы тиіс. Атап айтқанда, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарымызға ерекше екпін қойған жөн. Территориялық әрі экономикалық әлеуеттеріміз әртүрлі, сондай-ақ Қазақстанның даму қарқыны айтарлықтай жоғары», - деді ғалым.
Осы орайда ол Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінің, өзге де әлемдік деңгейдегі шаралардың өткізілуі Қазақстанның дүниежүзілік аренадағы беделін айғақтап отырғанын атап өтті.
«Екі елдің шекараласатын өңірлері ауқымды территорияны алып жатыр. Сондықтан Қазақстан секілді көршіміз бар екеніне қуанып, мақтан тұтуымыз керек. Тауар айналым бағытына тоқталсақ, бұл салаға біраз жылдардан бері назар аударылып келеді. Инвестициялық бағытта Қазақстан жағы тендерлерге қатысып келеді, яғни елімізде алтын өндіру, тау-кен өнеркәсібін қамтып жатыр. Бұдан бөлек, қазақ инвестициялары құрылыс материалдары өнеркәсібіне белсенді тартылуда. Дегенмен де, бірлескен кәсіпорындарды құру әлеуеті әлі де жоғары. Ауыл шаруашылығы біздің экономиканың елеулі үлесін алып жатыр. Біз қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін үнемі айтып келеміз. Менің ойымша, Қазақстаннан өсімдік майын және басқа да дайын өнімдерді алып келеміз, бұл салаларда қазақстандық бизнесте елеулі тәжірибе бар. Бұл тұрғыда қырғыз тарапына серіктестерді алыстан іздемей, көршімізбен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындарды құрған тиімді болар еді. Осы жобалар екі елге де елеулі пайда түсіреді деп санаймын», - деді Асылбек Аюпов.
Бұл ретте ғалым Қазақстан Президентінің сапары кезінде аталған тақырыптарды Қырғызстан Үкіметі белсенді көтеруі керектігін жеткізді.
«Мемлекет басшылары екі ел қарым-қатынасында оңтайлы түзетулерге ерекше мән береді деп ойлаймын. Осы орайда өзара мүдделестік бар, елдеріміз арасында бір-біріне деген жанашырлық бар. Сондықтан алдағы жоғары деңгейдегі кездесуде талқылайтын тақырыптар да, ұсыныстар да бар», - деді профессор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады.
Келіссөздер барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылайды және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда.