Қазақстан «Сочи-2014» Ақ Олимпиадасына 40-тан астам жолдаманы жеңіп алуды жоспарлауда

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның Олимпиада құрамасы Сочидегі қысқы Олимпиадаға қатысу үшін 40-тан астам лицензия жеңіп алуды жоспарлады, деп хабарлады Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында.
None
None

«Біз 10 спорт түрі бойынша 40-тан астам лицензия жеңіп алуды жоспарладық. Қазіргі уақытта 22 лицензияны жеңіп алдық», - деді Е.Қанағатов.

Осылайша, қазақстандық құрама активінде биатлон бойынша 10 жолдама, мәнерлеп сырғанау бойынша 2, тау шаңғысы бойынша 3, коньки тебу спорты бойынша 3, фристайл могулы бойынша 3 және сноубордта 1 жолдама бар.

Өткен қысқы Олимпиадамен салыстырғанда ведомство басшысының орынбасары «Ванкуверде Қазақстан 8 спорт түрі бойынша 39 лицензия жеңіп алды» деп атап өтті. Спортшылардың қысқы спорт түрлері бойынша соңғы әлем чемпионаттарында көрсеткен жақсы нәтижелерін ескерсек, Сочи Олимпиадасында қазақстандық спортшылар көбірек жолдама ұтып алуы тиіс деді.

«Биыл спорттың олимпиадалық түрлері бойынша қысқы әлем чемпионаттарында біздің спортшылар тәуір нәтиже көрсетті. Коньки тебу спортында Денис Кузин алтын медальға ие болды, мәнерлеп сырғанау бойынша күміс Денис Тенге бұйырды. Сонымен қатар, Қазақстан 2 қола медаль жеңіп алды. Шаңғы жарысы бойынша командалық спринтте Алексей Полторанин мен Николай Чеботько марапатқа ие болды, екінші қоланы 50 шақырымдық жеке жарыста Алексей Полторанин жеңіп алды», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта Қазақстан әлем чемпионаттары бойынша 87 елдің ішінде 19 орында тұр. 2014 жылдың қаңтарына дейін спортшылар 75 лицензиялық жарысқа қатысады.

Сочи қаласындағы (Ресей) XXVII Қысқы Олимпиада ойындары 2014 жылдың 7-23 ақпан аралығында өтетіні мәлім. Жарыс барысында 15 спорт түрі бойынша 98 медаль жиынтығы ойнатылады. Лицензиялық жарыс 2014 жылдың қаңтарына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар