Қазақстан соңғы 2 жылдың ішінде уран өндіру көлемін 2 есе ұлғайтты
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ы 2010 жылғы өндірістік қызметінің қорытындысын жариялады. Былтыр Қазақстанда 17 803 тонна уран өндірілген. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Осылайша елдегі уран өндіру көлемі соңғы 2 жылда 2 есеге ұлғайып отыр.
2010 жылы еншілес және бірлескен кәсіпорындарды қоса есептемегенде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы 9 мың тонна уран сатып, уран өнімдерін өткізу көлемін алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға арттырды. Ал есепті жылдың аяғына таман оның тапсырыстар қоржыны 17 миллиард долларды құрады.
Алдын-ала жүргізілген есептеулер бойынша, 2010 жылы таза табысы 53 миллиард теңге көлемінде болды. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 24 пайызға артық. Оған уран өнімдерін сату көлемінің өсуі өз ықпалын тигізіп отыр. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы енді 2011-2015 жылдары жалпы сомасы 341 миллиард теңгеден асатын жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.