Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы IACA вице-президенті қызметіне сайланды
Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы IACA вице-президенті қызметіне сайланды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылы Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығы (IACA) Буэнос-Айрестегі конференциясын «Сот төрелігіне қолжетімділік, өзгермелі әлемдегі әкімшілік қызмет және инновациялар» тақырыбын талқылауға арнады.
Оның жұмысына Қазақстан делегациясы қатысты, оның құрамында Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров және Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов болды.
Форумға қатысушыларға жылы лебізін білдіре келе, өз сөзінде А.Мерғалиев Қазақстанда жүзеге асырылып келе жатқан сот реформаларының нәтижесінде сотқа деген сенім көрсеткіштері жақсарғанын, ал азаматтық сот ісін жүргізуде дауларды шешудің баламалы тәсілдері қолданылып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы қаңтарда уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігін құру туралы шешіміне баса назар аударылды. Бұл – сот корпусының тәуелсіздігін нығайтты және судьялардың сот төрелігін жүзеге асыруға шоғырлануына мүмкіндік берді.
Арнайы сессия барысында конференцияға қатысушыларға сот жүйесіндегі реформалар мен цифрландырудың қазақстандық тәжірибесі таныстырылды. IACA басшысы Луис Пальманың «әлемдегі ең озық үлгілердің бірі» деп атаған Сот әкімшілігінің үлгісі Ұйымның назарын өзіне аударды.