Қазақстан соттарында ақтау оқиғалары көбейген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Абай Раxметулин Қазақстан сот төрелігі көбіне жазалауға бейім деген жаңсақ пікірмен келіспейтіндігін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Талдау көрсетіп отырғанындай, 2016 жылы соттарға 51 мыңнан астам қылмыстық іс түскен. Аяғына дейін жеткізілген қылмыстық істердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға көп. «Қазақстан сот төрелігі көбіне жазалауға бейім» деген пікірдің жаңсақтығына келесі мәлімет дәлел. Айыпталушыны ақтау туралы сот үкімі 2015 жылмен салыстырғанда 19,2 пайызға көп. Бір жыл ішінде 884 тұлға ақталды», - деді Абай Разметулин Жоғарғы Соттың судьялар алқасының отырысында.
Оның келтірген дәйектері бойынша, 18 854 тұлғаға қатысты 16 529 қылмыстық іс тоқтатылды және оларға қатысты қылмыстық жауапкершілік алынып тасталды. Аталмыш тұлғалар жазаға тартылған жоқ.
«5 118 іс келісім негізінде қысқартылған тәртіпте өтті, бұл өз кезегінде өткен көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір жоғары нәтиже. Осылайша, соттардың өндірісінде жатқан қылмыстық істердің үштен бірі тоқтатылды», - деді ол.
«Сот саласындағы реформалар елдегі сотталғандар санын азайтуға біршама үлес қосты. Соған қарамастан, елдегі қылмыстық аxуал тұрақты. Бұл салмақты сот тәжірибесінің нәтижесі деп білген жөн», - деп түйді ойын А. Раxметулин.