Қазақстан спорт одағы Қазақстанда мемлекеттік спорт телеарнасын ашуды ұсынды

Бүгін Астанада өткен «Бұқаралық спорт. Даму жағдайы мен болашағы» атты республикалық дөңгелек үстел жиынында «Қазақстан спорт одағы» ЗТБ-нің төрағасы Ерлан Жанғұлов Қазақстанда «Спорттың жол картасы» бағдарламасын дайындау барысында осы мәселені енгізуді ұсынды.
Е. Жанғұловтың айтуынша, мемлекеттің жүргізіп жатқан шараларына қарамастан, халық арасында бұқаралық спорт және дене шынықтыруды насихаттау төмен деңгейде қалып отыр.
«Елдің барлық аймақтарында, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың 85 пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға ниет білдірмейтіндіктерін айтқан. Бұқаралық спортқа тарту үшін бізге үгіт-насихат жұмысын белсендіру қажет»,-деді Е. Жанғұлов.
Осы орайда Қазақстан спорт одағы елдің барлық азаматтарына қолжетімді мемлекеттік спорт телеарнасын құру мүмкіндігін қарауды ұсынып отыр.
«Қазақстандықтардың 64 пайызға жуығы теледидарды жиі көреді. Сондықтан насихат жұмысын жасау барысында басты назарды теледидарға аудару қажет деп ойлаймыз»,-деп атап көрсетті ол.
Өткізілген әлеуметтік зерттеуде анықталғанындай, халықтың 64 пайызы теледидарды үнемі қарайтындығына қарамастан, олардың 5/1-і біздің еліміздің Олимпиада чемпиондарын білмейтін көрінеді. «Бұл - Қазақстанда телевизиялық спорттық бағдарламалардың аз екендігін білдіреді»,-деді Е. Жанғұлов.
Еске сала кетейік, бүгінгі дөңгелек үстелде «Қазақстан спорт одағы» ЗТБ және «Нұр Отан» партиясы елімізде «Спорттың жол картасы» бағдарламасы жобасын енгізу жайын қарастырған болатын.