Қазақстан спортшылары өткен аптада қандай жетістіктерге қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен апта қазақ спортшылары үшін жетістіктерге толы болды. Бүгін назарларыңызға сол спортшыларымыздың қандай көрсеткіштерге қол жеткізгенін қысқаша баяндап өтсек.

Герасименко
Фото: Olympic.kz

Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасы

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар күні алауы тұтанды. Аталған доданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына тұңғыш алтын медаль түсті.

Илья Мизерниз
Фото: Сали Сабиров

Оны шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных жеңіп алса, екінші жарыс күні шорт-тректен 1 000 метр қашықтықта сынға түскен спортшылардың арасынан Полина Омельчук қола медальға ие болды.  

Стенд атудан Азия чемпионаты

Өткен аптада Кувейттегі стенд атудан өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз 7 медаль жеңіп алды.

7 алтын
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Трап бағдарламасының жұптық сынында Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко топ жарса, дәл осы бағдарламаның жастар бәсекесінде ел құрамасы үздік шықты. Сонымен қатар скит бағдарламасында Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионы атанды.

Ал жекелей сында Илья Пеньков, Мария Дмитриенко, трап және скит бағдарламасының командалық сайысында еліміздің әйелдер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.

Конькимен жүгіруден 4 құрлық чемпионаты

АҚШ-тың Юта штатында (Солт-Лейк-Сити) өткен конькимен жүгіруден 4 құрлық чемпионатында командалық спринтте еліміздің ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды.

коньки
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті тек Канада құрамасынан қалып қойды. Үздік үштікті Оңтүстік Корея конькишілері түйіндеді. 

Бокстан Иштван Бочкай атындағы турнир

Өткен аптада Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы мемориал аяқталды. Аталған жекпе-жек додасында қазақстандық боксшылар 5 алтын медаль жеңіп алды.

Бокс
Фото: Sports.kz

Жерлестерімізден Асхат Жүсіпов (48 кг), Асылжан Серікбай (57 кг), Бeйбарыс Жексен (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) және Ерасыл Жақпеков (80 кг) чемпион атанса, Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) және Темірлан Мұқатаев (86 к) күміс жүлдеге ие болды.

Үстел теннисінен WTT Feeder Corpus Christi 2024 халықаралық турнирі

Қазақстандық Кирилл Герасименко АҚШ-та үстел теннисінен өткен WTT Feeder Corpus Christi 2024 халықаралық турнирінің жеңімпазы болды.

жеңімпаз
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Ұлттық құрама үздігі жарыс барысында төрт бірдей қарсыласынан басым түсті. Атап айтқанда, Герасименко америкалық Кай Чжанды 3:1, үндістандық Хармит Десайды 3:1, германиялық Штеффен Менгельді 3:1, португалиялық Жоао Монтейруді 3:2 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Алина Саркулова
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Халықаралық Thailand Cup турнирі

Тайландта өткен маунтинбайктан халықаралық Thailand Cup турнирінде ел құрамасының өкілі Алина Саркулова үздік нәтиже көрсетіп, жарыс жүлдегерлерінің қатарынан көрінді. Жарыс мәресіне үшінші болып жеткен отандасымыз турнирдің қола жүлдегері атанды. 

Күрес түрлерінен өткен Henri Deglane (Анри Деглан) гран-при

Өткен аптада Францияның Ницца қаласында өткен күрес түрлерінен Henri Deglane (Анри Деглан) гран-при жарысында еліміздің үш балуаны жүлдегерлер қатарынан көрінді.

күрес
Фото: Қазақстан күрес түрлері федерациясы

Атап айтқанда, Әбдіманап Байкенжеев (92 кг) финалда жеңіліп, екінші орынға табан тіресе, Рифат Сайботалов (70 кг) пен Ерхан Бексұлтанов (79 келі) қола жүлдені қанжығаға байлады.