Қазақстан спортының дамуына зор үлес қосқан А.Винокуров марапатқа ие болды

Арнайы белгіні бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы даңқты спортшыға өзі табыстады.
«Мен «ҚР-да дене тәрбиесі мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» аталатын ерекше мәртебелі белгіні Олимпиада чемпионы Александр Винокуровқа табыс еткім келеді», - деді ол велошабандозға қарата.
«Ниеттеріңізге, сыйлықтарыңызға зор алғыс білдіргім келеді. Ол менің медальдар жинағымды кеңейте түсетін болды. Бұл награданы сіздің қолыңыздан алғаныма қуаныштымын және сізді қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын», - деді өз кезегінде А.Винокуров.
Сонымен қатар А.Мұхамедиұлы кездесу барысында қазақстандық команданы және оның капитаны Винченцо Нибалиді Тур-де-Франс көпкүндігіндегі тамаша жеңістерімен құттықтады.
«Мен Астанаға келгеніме өте қуаныштымын және команда мүшелерінің қолтаңбасы қойылған көшбасшының сары жейдесін сізге сыйлағым келеді», - деді В.Нибали министрге.