Қазақстан спутниктік байланыс операторларының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әлемдегі 4 спутниктік байланыс операторының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
— Елімізде ауылдардың арасы алшақ. Оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Бұл — цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы. 1 қазанда OneWeb жəне Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілді. Beeline жəне Starlink Mobile компанияларымен бірге Direct-to-Cell технологиясын іске қостық, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, смартфон спутникке тікелей қосылады. Соның арқасында еліміздің кез келген жерінен хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады.
— Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді. Оны iOS жүйесіне де бейімдеп жатырмыз. Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology жəне Amazon LEO шығады деп күтіледі. Нəтижесінде Қазақстан осы төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ. Станциялардың ел аумағында орналасуы ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді, — деді Жаслан Мәдиев.
Айта кетейік, отырыста телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.