Қазақстан Стати әулетімен соттасуға 1 млрд доллар жұмсағаны рас па
Әділет министрі Азамат Есқараев Стати ісіне жұмсалатын ақша қалай бөлінетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Стати әулетінің бизнесмендеріне қатысты сот процесін жүргізіп жатқанына 13 жыл болды. Жуықта Анатол Стати сұхбат беріп, кезінде Қазақстан 560 млн доллар өтеуден бас тартқанын, ал 13 жылдағы сот процестеріне жұмсаған шығындары 1 млрд долларға жақындап қалғанын мәлімдеді. Бұл ақпарат рас па? Қазақстандықтардың салығынан бұл іске қанша ақша шығындалды?»,– деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Министрдің айтуынша, ол мәлімет жалған екенін айтты
«Шын мәнінде бұл ақпаратты бірден терістей аламын. Ешқандай да 1 млрд доллар шығын туралы әңгіме жоқ. Шын мәнінде бұл шындыққа жанаспайтын мәлімет.
Жалпы Стати ісі біз үшін соншалық үлкен іс емес. Оны қолдан үлкейтіп көрсетудің қажеті жоқ. Бұл – қалыпты төрелік дау, қатардағы көп істердің бірі. Бізде ондай істер көп. Көп емес, ондай бірнеше іс бар. Шығындар туралы айтсақ, жыл сайын бюджетке ашық түрде енгізіліп, республикалық бюджетпен қабылданады. Ал Парламент республикалық бюджетті ашық тәртіппен қабылдайтынын білесіз. Бұл тұрғыда жабық ақпарат жоқ», – деді ведомство басшысы.