Қазақстан студенттер саны жағынан Франция, Ұлыбритания, Германия сынды әлемдік державалардың алдын орап тұр

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елдің әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіші білім беру жүйесі болып табылады.

Қазақстан студенттер саны жағынан Франция, Ұлыбритания, Германия сынды әлемдік державалардың алдын орап тұр

Білім беру деңгейі бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар санатында.

Ересектердің сауаттылық деңгейі:

БҰҰ ДБ-ның «Орнықты даму мен мүмкіндіктер кеңдігі: барлығы үшін жақсы болашақ» баяндамасында 2011 жылы Қазақстандағы ересек тұрғындардың сауаттылық деңгейі 99,7 пайызды құрайтыны атап өтілді. Бұл біздің елімізге әлемнің 187 елінің ішінде аталған көрсеткіш бойынша көшбасшы позициялардың бірін иеленуге мүмкіндік берді. Ересек адамдардың сауаттылық деңгейі жөнінен Қазақстанға жақыны Ресей - 99,6пайыз, Италия - 98,9 пайыз. Айтарлықтай төменгі көрсеткіштер Сингапурда - 94,7 пайыз және Түркияда  - 90,8 пайыз.

Бастауыш және орта білім беру:

Қазақстан балалар мен жастарды бастауыш және орта білім берумен қамту бойынша 187 елдің ішінде Адам даму индексінің рейтингінде жоғары орында тұр.

Қазақстанда бастауыш білім берумен қамту деңгейі 108,8-ді құрайды. Мұның үстіне, Қазақстанға жақын топта Франция - 108, Австралия - 106, Корея - 104, Германия - 103 секілді дамыған елдер бар. Айтарлықтай төмен көрсеткіштер Түркия - 99, Сауд Арабиясы - 98, АҚШ - 98, Украина - 97, Ресей - 96 сияқты елдердің еншісінде.

Қазақстандағы орта біліммен қамту деңгейі 98,5-ті құрайды. Бұл тіпті 97 көрсеткішке ие Корея, Швейцария - 96, Чехия - 95, Украина - 94 секілді елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Орта біліммен қамту көрсеткіші бойынша бұдан да аз деңгей Грузияда - 87, Түркияда - 82, Қытайда - 78.

Аталған көрсеткіштер Қазақстанның бастауыш және орта білім беру жүйелерінде табысты және тиімді дамып келе жатқанына қосымша айғақ болып табылады.

Студенттер мен білім алушылардың саны:

Дамыған білім беру жүйелерінің тағы бір маңызды көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққандағы білім алушылардың саны болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіштер ең жоғары деңгейде.

Мысалы, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде (колледждер мен т.б.) оқып жатқандар саны Қазақстанда 10 мың тұрғынға шаққанда 368 адамнан келеді.

Бұл көрсеткіш бойынша республика ЭДЫҰ елдері арасында көшбасшы позицияда тұр. Қазақстан - 253 адам көрсеткіші бар Норвегияны және 237 адам көрсеткіші бар Ресейді басып озған. Франция - 180, Ұлыбритания - 135, Венгрия - 71 сияқты елдер көрсеткіші мүлдем төмен.

Сондай-ақ Қазақстан көптеген әлемдік державалардың (Франция, Ұлыбритания, Германия) тұрғындардың 10 мыңына шаққанда студенттер саны бойынша - 377 адамымен айтарлықтай озып кетті. Бұл цифр Францияда - 338, Ұлыбританияда - 272, Жапонияда - 222, Чехияда - 147, Әзербайжанда - 59 адамды құрайды.
 
                                                                                                                                             "Астана ақшамы" газеті