Қазақстан студенттері Альянсының өкілдері Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасарымен кездесті

АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қазақстан студенттері Альянсының өкілдері елордада Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукинмен кездесті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында олар сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру мәселесін сөз етті. Студент жастар бұл бағытта жемқорлықпен күрес агенттігі қызметкерлерімен бірлесіп қимылдауды жөн санап отыр. Осыған орай жүздесуге Альянстың республика өңірлеріндегі және елордадағы ең белсенді деген және жемқорлықпен күреске белді бекем буған көшбасшы азаматтары келіпті. Олар Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасарына жоғары оқу орындарындағы пара беру фактілерімен күресті белсенді жүргізу мақсатындағы жоспарларымен бөлісті. Студенттердің пікірлерінше, жемқорлықпен күресті елде әлі де болса насихаттай түсу керек. Онымен күрес жөнінде арнайы фильм түсіру де артықтық етпейді. Жемқорлықпен күреске жауапты тікелей органдардың бірі ретінде агенттік өкілдері бұл мәселеге қолдау көрсетулері қажет. «Сондай-ақ қаржы полициясының өкілдері осы індеттің алдын алу мәселелері бойынша оқу орындарында ара-тұра арнайы дәріс оқып тұрса жөн болар еді», - дейді жастар. Кездесуде олар сонымен қатар «аталған мәселенің алдын алу үшін көпшілікті онымен шын мәнінде күрес жүргізіліп жатқандығына сендіру керек деп санайтындықтарын» айтты. Өйткені студент жастардың көпшілігі қазір «тек шабақтар ғана тұтылып, шортандар құтылып кетіп жүр» деген пікірде көрінеді. Осыған орай олар агенттік өкілдерін тек ұсақ жемқорлармен ғана емес, ірі басшылардың да заңсыз әрекеттерін назардан тыс қалдырмау қажеттігіне тоқталды. Агенттік төрағасы студенттерге жемқорлықпен күрестің жай-жапсары жөнінде баяндап, оларды толғандырған сан түрлі сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар ол бүгінгідей кездесулердің алдағы уақытта жалғасын таба беретіндігін айтып, жастардың жемқорлықпен күрестегі кейбір бастамалары бойынша қаржы органдарының қызметкерлеріне арнайы нұсқау беріп, қолдау көрсететіндігін жеткізді. Кездесу соңында Альянс өкілдері А.Лукинге өз ұйымдарының арнайы кеуде белгісін табыс етті.
Соңғы жаңалықтар