Қазақстан суретшілер одағы 80 жылдық мерейтойын Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығымен қатар өткізбек
АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Әубәкір Ысмайылов Қазақ суретшілер одағын ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, оның негізін қалаушылардың бірі болды.
Бұл туралы Қазақстан суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков бүгін Алматыда өткен «Әубәкір Ысмайылов шығармашылығы мәдениеттің өзара әрекеттестігі аспектісінде» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конферецияда айтты.
«Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығы қазақ мәдениетінің барлық салаларына ортақ. Тек қана сурет өнері емес, театр, кино, би де біздің мәдениетімізді қалыптастыратын, құратын өнердің жиынтығы деп айтуға болады. Биыл Қазақстан суретшілер одағы өзінің 80 жылдығын атап өтейін деп отыр. Қазақ суретшілер одағы Кеңес одағындағы ең алғашқы суретшілер одақтарының бірі болды. Әбекеңді 1932 жылы суретшілер одағын ұйымдастыру комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Сондықтан біз биылғы тойымызды Ә. Ысмайыловтың мерейтойымен қатар өткіземіз деген ойымыз бар», - дейді Б.Өмірбеков.
Қазақ суретшілер одағы өз қызметін 1933 жылы ғана бастаған болатын. Сурет өнерінде білім алған ұлттық кадрлар тапшы уақытта Ә.Ысмайылов, Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаевпен бірге еуропалық үлгідегі бейнелеу өнерінің мектебін қалыптастырушылардың бірі болды. Б.Өмірбековтің айтуынша, сондықтан бұл қайраткерлерді жан-жақты зерттеп, олар туралы арнайы мұражай ашылып жатса да артық болмас еді. Жалпы Қазақстандағы бейнелеу өнерінде соңғы жылдарға дейін сын, зерттеу мәселесі өте қарқынды жүрді деп айту қиын. Себебі өнер тарихы, өнер сыны, өнерді зерттеу мәселелерінің барлығын бұрын тек Мәскеу мен Санкт-Петерборда оқыған азаматтар ғана жасады. Бұл жерде ондай мамандарды дайындайтын оқу орны болған жоқ. Сол себепті толық зерттеу болмады. Сондықтан бұл әлі де болашақтың еншісіндегі жұмыс болып тұр.