Қазақстан су саласындағы импортқа тәуелділікті азайтпақ: 13 шарадан тұратын жол картасы әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан су саласында отандық өндіріс пен ғылыми әзірлемелерді дамытуға кірісті. Су ресурстары және ирригация министрлігі импортқа тәуелділікті азайтуға, су технологияларын жергіліктендіруге және өндірісті автоматтандыруға бағытталған 13 іс-шарадан тұратын жол картасын әзірледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан су саласындағы импортқа тәуелділікті азайтпақ: 13 шарадан тұратын жол картасы әзірленді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Құжат импортқа тәуелділікті азайту, су есептеу құралдарының отандық өндірісін дамыту, гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған 13 іс-шараны қамтиды.

Жол картасында сондай-ақ су саласына технологиялық аудит жүргізу, отандық ғылыми әзірлемелердің тізімін жасау, жабдықтардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеу және отандық технологияларды өндіріске енгізу тетіктерін дамыту қарастырылған.

— Қазіргі уақытта осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең озық қолданыстағы технологиялардың тізімін әзірледі. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолданатын суару жүйелерін өндіретін отандық зауыттардың саны соңғы екі жылда төрттен жетіге дейін өсті. Бұдан бөлек, ведомство жас ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметін қолдайды, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Айта кетейік, еліміздің оңтүстігінде 270 шақырымға жуық суару каналы автоматтандырылды.