Қазақстан сыртқы нарыққа 46 жаңа тауар түрін шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан соңғы 8 жылда сыртқы нарыққа 46 жаңа тауар түрін шығара бастады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовпен бірге «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына қатыстық. Қуанатын жайт, аймақтық кезеңнен өтіп келгендерді қосқанда конкурсқа 1150-ден астам өндіруші қатысты. Биыл жаңа өнім түрлері бар жаңа кәсіпорындар көптеп келіпті. Бұл отандық өнім номенклатурасының өсімін көрсетеді. Көрмеде түрлі бағыттағы тауарлар кеңінен ұсынылған екен. Атап айтқанда, машина жасау өнімдері, IT және телекоммуникациялық жабдықтар, аяқ киім және басқа да киімдер, лифттер мен әрлеу материалдары, фармацевтикалық өнімдер, жиһаз және тағы басқа да көптеген өнімдер болды. Бұл кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің өз өнімдерін өткізуге және ілгерілетуге мүдделі екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы Жолдауда отандық кәсіпорындардың тұтыну тауарларының кең ауқымын меңгеруге, былайша айтқанда, «қарапайым заттардың экономикасын» дамытуға назар аударды. Бүгінгі таңда мемлекет бизнесті қолдауға бағытталған, әсіресе өңдеу секторындағы экспорттаушылардың өсімін ынталандыратын бірқатар кешенді жүйелік шаралар қабылдауда», - деп жазады министр.
Министр дерегінше, 2013-2017 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы экспортындағы өңдеу өнеркәсібінің экспорттық үлесі 23 пайыздан 32 пайызға дейін өсті. Еліміздің сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып, 69,5 млрд АҚШ долларына жетті, экспорт 30 пайыз өсті және 48,3 млрд АҚШ долларын құрады. Импорт 29,3 млрд АҚШ долларын құрап, 15,5 пайызға артты.
«Биыл экспорттың оң тенденциясы сақталуда. 2018 жылдың 7 айындағы деректер бойынша экспорт 34 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайыз жоғары. Тауарлар экспортының қазіргі географиясы 123 елді қамтиды. Оларға шамамен 800 тауар түрі экспортталады. Соңғы 8 жылда Қазақстан сыртқы нарықтарға 46 жаңа тауар түрін шығарды. Атап айтқанда, рельстер, автомобильдер, күн панелдері, газ қазандықтары, жылтыр плиталар, картридждер, пос-терминалдар, бие сүті, алюмин профилдері, құбыржол арматурасы, шырағдандар, электровоздар, шатыр материалдары, полимерден жасалған медициналық бұйымдар, IP-MEDIA коммуникаторлары», - деді Жеңіс Қасымбек.