Қазақстан сырттан келетін контрафактілік азық-түлікті жойып отыратын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан сырттан келетін контрафактілік азық-түлікті жояды немесе оны өндірушілеріне қайтарып отырады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Б. Сағынтаев Қазақстанға өте көп контрафактілі өнім кіргізілетінін, оның ішінде азық-түлік өнімі секторы да бар екенін айта келе, «Яғни сүттен жасалған сусындар сүт ретінде, ал маргарин сары май ретінде әкелінеді. Біз контрафакті бойынша ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылдадық»,-деді.
Қазіргі кезде комиссияға өтінімдер түсуде. Осы проблемамен күресте барша бақылаушы органдар жұмылдырылды.
«Нәтижесінде өнім денсаулыққа зиянын келтірсе, оны жойып отырамыз, сондай-ақ өнімді кіргізуге тыйым салынады немесе оны өндірген елге қайтаратын боламыз»,-деді ол.