Қазақстан сырттан тек арзан етті импорттап, оны өңдеуге бағыттап жатыр - А. Мамытбеков

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан сырттан тек арзан етті импорттап, оны өңдеуге бағыттап жатыр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті. Еске салайық, жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
None
None

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау өзінің оң нәтижелерін көрсете бастады. Айталық, былтырдан бастап елімізде төлдейтін ірі қараның әрбірін ұстап тұруға 18 мың теңгеден субсидия төлене бастаған. Осындай қолдаудың нәтижесінде шағын фермерлік шаруашылықтар өсу үстінде. «Былтыр оның алдындағы жылмен салыстырғанда фермер қожалықтарында ұсталатын төлдейтін мал саны 25 пайызға артты. Сонымен қатар, алғаш рет Қазақстан сиыр етін экспортқа шығара бастады», - дей келе министр Асылжан Мамытбеков қазақстандық өнім әзірше импортты ығыстыра алмайтынын да жеткізді. «Былтыр елімізге сырттан келген ет көлемі 2011 жылмен салыстырғанда шамамен 14 мың тоннаға артық болды. Сонымен бір мезетте біз еліміздегі ет өнімдерін шығарудың 14 пайызға артқанын байқап отырмыз. Нақтырақ айтқанда, былтыр еліміздегі өңделген ет өнімдері 450 мың тонна артық болды. Сондықтан да, сырттан келетін ет импорты негізінен технологиялық өңдеуге кетіп жатыр», - дейді ол. Министрдің айтуынша, бұл қалыпты үрдіс. Мысалы, ведомство басшысының мәліметіне қарағанда ірі экспорттаушы ел саналатын АҚШ жыл сайын 600 мың тонна етті сыртқа шығарса, өзі шамамен 500 мың тонна етті импорттайды екен. «Экспортқа еттің тек сұранысқа ие әрі қымбат бағаланатын бөлігі шығарылады, ал импортқа қалбырланатын, өңдеуге жататын еттер әкелінеді. Сондықтан да, сыртта арзан ет болса, оны алып отыру оңды, өйткені біз өз балансымызды сақтауымыз керек. Яғни, өзіміздің сапалы етімізді қалбырлағанша оны қымбатқа сатып, есесіне сырттан арзан ет әкеліп, оны өңдесек те болады», - деп түсіндіреді министр.

Соңғы жаңалықтар