Қазақстан «Танк биатлоны-2015» сайысының көшбасшылар үштігінде (ФОТО)
Сонымен, жеке және жалпы командалық есепте үздіктер үштігінде Қазақстан, Ресей және Қытай танкішілері. Үндістан мен Армения төртінші және бесінші орында. Сегіздікті Сербия, Қырғызстан және Тәжікстан түйіндеді. Кувейт, Моңғолия, Венесуэла, Ангола мен Никарагуа «Танк биатлонынан» шығып кетті.
«Қазақстан командасының шеберлігі анағұрлым шыңдалған. Нәтижелер өте жақсы. Өткен жылмен салыстырғанда бәсекелестік күшейген. Ойындар өте сәтті. Бұл машиналар мен экипаждардың сайысы ғана емес, бұл елдер арасындағы достастық», - дейді РФ ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-полковник Олег Салюков. Жеке жарыстың басынан бастап «Танк биатлонындағы» негізгі бәсеке Қазақстан мен Ресей арасында болды. Екі елдің экипаждары теңбе-тең келе жатты. Командаларды бірнеше ұпай ғана бөліп тұрды. Енді танкішілерімізге соңғы «Эстафета» кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, шешуші кезеңге шығу қажет. Онда мықты командалардың ішінен «Танк биатлоны-2015» жарысының жеңімпазы анықталады.