Қазақстан тарапы қырғыз азаматтарын еліне қайтару тәртібін жеңілдетуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келісімге 2016 жылғы 17 қазанда Астанада екі елдің ішкі істер министрліктерінің өкілдері қол қойды. Осы құжат екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кіргенімен елде болуы тәртібін орындамаған немесе рұқсатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін мемлекеттің аумағында қалған адамдар жатады», -деді ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Марат Демеуов заң жобасы бойынша баяндамасында.
Оның сөзіне қарағанда, келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды,сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді.
Атап айтқанда, келісімнің 3-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың реадмиссиясы мен транзитін жүзеге асырған кезде, сонымен қатар оларды қайтарғанда туындайтын барлық көліктік шығындарын дербес немесе үшінші адамдар төлей алмаса, сұрау салушы тарап көтереді.