Қазақстан тарапы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау мүмкіндігін талқылап жатыр – Энергетика министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан тарапы Ресей газының Өзбекстанға тасымалдау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей газын тасымалдау бойынша екіжақты келіссөздер жүріп жатқанын айтқан болатын. Келіссөздер жүріп жатыр ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі Энергетика министрінен.

«Бүгінде Қазақстан арқылы ресейлік газды Өзбекстанға транзит мәселесі бойынша келіссөз жүріп жатыр. Ол конструктивті түрде жүруде. Келіссөз нәтижесін сіздерге қосымша хабарлаймыз», - деп жауап берді министр Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан соң.

Сондай-ақ, ол Ресейден Қазақстанның Солтүстік аумақтары арқылы Қытайға газ құбырын салу мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Министрдің дерегінше, алдын-ала маршрут анықталған және құбырды салу шарттары келісілген.