Қазақстан тарапы ресейліктерді екі елді байланыстыратын жолдардың құрылысын жылдамдатуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарапы ресейліктерді Ақтөбе облысына қарай бағытталған жолдың құрылысын жылдамдатуға шақырды. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

 Қазақстан тарапы ресейліктерді екі елді байланыстыратын жолдардың құрылысын жылдамдатуға шақырды

Күн тәртібі аясында шекара маңындағы аймақтарды дамыту, сондай-ақ «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолын салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық аясында бұл - ірі интеграциялық жобалардың бірі. Қытайдағы Ляньюньган портынан Санкт-Петерборға дейінгі дәліз 8 мың 400 шықырымға жуық. Осы ретте Қазақстан арқылы 2 мың 787 шақырым өтеді. Біз бұл жобаны 2009 жылы бастадық, яғни бүгінде барлық жол құрылысы жұмыстарын аяқтауға жақындадық. Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жұмыстар аяталды», - деп тоқталды вице-министр.

Ж. Қасымбек бұл бағытта Ресей тарапы да жол құрылысы жобаларын іске асырып жатқанын айта келе, осы орайда екі елдің үкімет мүшелері арасында тиісті талқылаулар болғанын еске салып өтті.

«Ақтөбе облысы бағытындағы «Уфа-Стерлитамак-Орынбор» жолы учаскелерінің құрылысы бойынша жоспарлар 2018-2019 жылдарға біршама кейінге шегеріліп жатқандығын білеміз. Атап айтқанда, біз ресейлік әріптестерімізді бұл жоспарларды ілгерілетіп, жылдамтуға шақырамыз»,- деп атап өтті ол.