Қазақстан тарихында қысқы Олимпиаданың алғашқы алтын медалін кім жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихында қысқы Олимпиаданың алғашқы жүлдесін, әрі алғашқы алтын медалін 1994 жылы Владимир Смирнов жеңіп алды. Бұл еліміздің ең алғашқы қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы еді.
Ол Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Олимпиадада үш бірдей медальға ие болды: алтын (50 км), күміс (15 км) және күміс (10 км).

Владимир Смирнов шаңғы спортынан 4 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін Олимпиада күміс жүлдегері, екі дүркін қола медаль иегері.
Сол жылғы сайыста Қазақстан спортшылары бір алтын және екі күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді.
Спортшы араға 4 жыл салып Жапонияның Нагано қаласында өткен Ақ Олимпиадада бақ сынады. Шаңғышы бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан спортшылары тәуелсіз мемлекет ретінде қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Еліміз 8 қысқы Олимпиадада бой көрсетті. Келер жылдың 6-22 ақпан аралығында өтетін Милан және Кортина-д’Ампеццодағы қысқы Олимпиадасына 60 күн қалды. Оған шамамен 3 500-ге жуық спортшы қатысады. Ал Қазақстанның намысын 30-дан астам спортшы қорғайды. Біліктілік кезеңі әлі аяқталмағанын ескерсек, спортшылардың саны өзгеруі мүмкін.
Бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Елде қысқы спортпен 139 мыңға жуық адам шұғылданады. 1 838 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қысқы спорт инфрақұрылымын дамыту және кадр даярлау жұмыстары Жамбыл облысынан басқа барлық өңірде жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, өткен айдың соңында Милан қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылды.